Алматыда кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары басталады

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 1 сәуірден бастап жалпы ауданы 2 366,56 га құрайтын орманды алқаптарда, қала саябақтары мен скверлерде кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталады. 

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңдеу жұмыстарымен 8 орманды алқап (1 904,924 га), 100 қала саябағы мен сквері (461,636 га) қамтылады және ауа-райын ескере отырып, құрғақ, жауын-шашынсыз күндері бекітілген кестеге сәйкес 1-27 сәуір аралығында жүреді. Кене энцефалитіне қарсы өңдеу жұмысы екі кезеңде жүргізіледі (екінші кезең: мамыр, маусым айлары). 

«Дезинсекциялық іс-шараны қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарының тікелей бақылауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК «Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы жүргізеді. Жасақталған дезинфекциялық бригадалар қажетті құралдармен, көліктермен және жеке бас қорғаныш заттарымен жабдықталған. Кене энцефалитіне қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Дельтэкс SC 10» инсектоакарицидті препараты қолданылады. Препарат аз уытты және қауіптілігі төмен санатқа жатқызылады (3-4 класс). Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар ең аз және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз саналады. Өңдеу жұмыстары таңғы уақытта жүргізіледі. Өңделетін аумақтардың шекараларында «Кенелерге қарсы өңдеу жүргізілуде» деген ескерту хабарламалары бар тақталар орнатылады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Осыған байланысты эпидемиологтар қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтауға шақырды:

- инсектоакарицидті препараттың ерітіндісін денеге немесе киімге тигізіп алмас үшін, кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілген жерлерден қашықтау жүру керек;

- жердегі шашыратқан препараттар құрғағанша үй жануарларын өңдеу жұмыстары жүргізілген аймаққа жібермеу керек;

- өңдеу жұмыстары жүрізілген жерлерден 40 күн бойы саңырауқұлақтарды, шөптерді және жидектерді жинауға, пайдалануға болмайды (препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес).

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тасқыннан жапа шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек қабылдайтын пункт ашылған хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар