Алматыда кептелісті реттейтін Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы қашан ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жаңа орталық қаладағы кептелістерді азайту мақсатында жұмыс істейтін болады.

Биыл қала тұрғындарымен кездесуі кезінде Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев мегаполисте Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы құралытынын атап өтті. Оның айтуынша, полиция қауіпсіздік сұрақтарына жауап берсе, ал жол қозғалысын әкімдік басқаратын болады.
Осы орайда, Kazinform агенттігі Қалалық мобильділік басқармасына сауал жолдап, бұл орталық қашан құрылатынын сұрады.
Басқарма жауабын сәйкес, Алматы қаласының ауқымды жобасы — Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының (ЖҚҰО) іске қосылуы 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
— Бұл жоба жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы шешімдерді қабылдайтын нақты бір орталықты айқындауды қамтиды. Кептелістермен күресуге бағытталған нақты шаралар аталған орталықты дамыту барысында әзірленіп, ұсынылады, — делінген ведомство жауабында.
Сонымен қатар Алматының Қалалық мобильділік басқармасы ел заңнамасына сәйкес, полицияның өкілеттіктері басқа тұлғаларға берілмейтінін, ал Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы тек жекелеген функцияларды орындайтынын мәлімдеді.
— Алматы қаласының ЖҚҰО штат құрамына көлік инженерлері, көлікті жоспарлау және модельдеу мамандары, интеллектуалды көлік жүйесімен жұмыс істейтін мамандар, қоғамдық көлікпен жұмыс істеу бойынша мамандар, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу инженерлері, IT және бағдарламалау саласындағы мамандар, сондай-ақ жоғары технологиялы компанияның жұмысы үшін қажет басқа да мамандар кіретін болады, — деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды жоспарымен бөлісті. Шаһар басшысы айтып өткен басым бағыттардың ішінде көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту мәселелері бар.