Алматыда кезекте тұрған тағы 86 адам баспаналы болды

кезекте
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - «Medeu city» тұрғын үй кешенінде орналасқан 20 үйден халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 86 алматылыққа пәтер кілті табысталды.

Алматыда қоныс тойы жалғасып отыр.

баспаналы болды
Фото: Алматы әкімдігі

«Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал тобының тізімі бойынша кезекте тұрған азаматтарға кезектілік тәртібімен қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан екі мың жалға берілетін пәтер беру жоспарланған, оның 400-і жетім балаларға беріледі. Сондай-ақ, пәтерлерді басқа адамдарға жалға беруге және қайта жоспарлауға болмайды», - деді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Айтуынша, мегаполисте жақын арада тағы жүздеген тұрғын баспаналы болады.

Пәтер алғандардың қуанғандары соншалық, эмоцияларын жасыра алмады. Солардың бірі үш ұлдың анасы Айман Нұртаева.

«Мен өте ризамын, қуаныштымын. Бұл күнді ұзақ күттік, 2011 жылы кезекке тұрдық. Біз үшін бұл үлкен қолдау», - деді Алматы қаласының тұрғыны Айман Нұртаева.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 25 мамырда алғашқы 124 кезекте тұрғандарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Ал, 28 мамырда бұл тізімге тағы 164 адам қосылды.

30 мамыр күні кезекте тұрған 105 жан баспаналы болды.

Соңғы жаңалықтар