Алматыда қылмыстың 80%-дан астамын басқа өңірден келген адамдар жасайды - полиция

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылдың алғашқы бес айында Алматыда қылмыс деңгейі төмендеді. Алайда полицияның дерегінше, қаладағы қылмыстың басым бөлігін басқа өңірлерден келген азаматтар жасайды.

Салтанат Әзірбек
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бүгінде шамамен 7 мың полиция қызметкері қала тұрғындарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етіп отырғанын хабарлады.

– Жалпы алғанда, Алматыдағы қылмыспен байланысты жағдай тұрақты және бақылауда, - деді Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

2026 жылдың бес айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс деңгейі 10,9% төмендеген, ал қылмыстарды ашу көрсеткіші 5,6% артқан. Сонымен қатар қоғамдық орындарда және бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай азайған. Полиция мәліметінше, Алматыда қылмыс деңгейі үш жыл қатарынан төмендеп келеді.

– Талдау нәтижелері бойынша қылмыстардың 80%-дан астамы басқа қалалардан келген адамдар тарапынан жасалатыны, сондай-ақ ауыр құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдік тұтынып, мас кезінде болатыны анықталған. Осыған байланысты қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіліп, жергілікті және қалалық профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полиция өкілі.

«Алко-стоп» акциясы аясында 625 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 243 кәсіпкер жазаланып, заңсыз айналымнан жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын 13 тоннадан астам алкоголь тәркіленген.

Көші-қон бақылау саласында да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. «Қоныс» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіркеусіз тұрған 7,8 мыңнан астам азамат және көші-қон заңнамасын бұзған 700-ден астам шетел азаматы жауапқа тартылған. 174 шетелдік ел аумағынан шығарылған.

– Интернет-алаяқтықпен күресте де оң динамика байқалады. Бес ай ішінде тіркелген фактілер саны 14,2% азайған. Банктермен бірлесіп, 50 миллион теңгеден астам сомаға жасалуы мүмкін 67 алаяқтық әрекеттің алдын алған. Сонымен қатар қылмыстық мақсатта пайдаланылған шамамен 20 мың интернет-ресурс бұғатталған, - деді Салтанат Әзірбек.

Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бағытында 342 құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 143 келіден астам есірткі заттары тәркіленген. Сондай-ақ есірткі таратуға қатысты мыңнан астам интернет-сайт бұғатталған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі де ерекше назарда. Жыл басынан бері 1,4 миллионнан астам жол қозғалысына қатысушы жауапқа тартылған, алкогольдік ішімдік ішіп, көлікті мас күйде басқарған мыңнан астам жүргізуші ұсталып, 1 400-ден астам адам көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Полиция мәліметінше, бүгінде Алматыда 200 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, олардың 73 мыңнан астамы Жедел басқару орталығына қосылған. 19 мыңнан астам камера бейне-талдау және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталғанын хабарлағанбыз.