Алматыда қыркүйекте 3 көшенің ұзартылған учаскелері ашылады — Алматы әкімі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда магистралды көшелерді ұзарту жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бұл жұмыстардың қалай жүріп жатқанымен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Қала басшысының жазуынша, шаһар шекарасына дейін және одан әрі Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына (ҮАААЖ) дейін ұзартылатын көшелерде жер телімдерін сатып алу жұмыстарымен қатар инженерлік коммуникацияларды көшіру және жол төсемінің негізін дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі қыркүйек айында бірнеше учаскеде көлік қозғалысын ашуды тапсырғанын атап өтті. Олар:
— Рысқұлов даңғылының Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейінгі жаңа учаскесі;
— Төле би көшесінің Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейінгі және одан әрі қала шекарасына дейінгі екі учаскесі;
— Жұбанов көшесінің Карьерная көшесінен қала шекарасына дейінгі бірінші учаскесі.
Сондай-ақ Абай даңғылы бойынша да мерзім өзгермейді — биыл жол ҮАААЖ-ға қосылуы тиіс.
— Бұл жобалар қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы басым бағыттардың бірі. Сондықтан оларды тұрақты бақылауымда ұстап отырмын. Жер телімдерін сатып алу, инженерлік коммуникацияларды көшіру мәселесі бойынша тұрақты түрде кеңестер өткізіп, туындаған түйткілді жедел қарастырып келеміз, — деп жазды Дархан Сатыбалды.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік айналма жолы, Тілендиев, Саин көшелері, сондай-ақ Рысқұлов пен Абай даңғылдары Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына дейін ұзартылатынын жазғанбыз.