Алматыда қысқы дөңгелек бағасы мен ауыстыру қызметі қанша

Автокөліктерге арналған жаңа дөңгелектердің орташа құны қанша? Дөңгелек жөндеу шеберханаларында шиналарды ауыстыру бағасы қандай, көлік жүргізушілері бұл туралы не дейді? Kazinform тілшісі анықтап көрді. 

Алматыда қысқы дөңгелек бағасы мен ауыстыру қызметі қанша
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Алматы қаласындағы автобөлшектер сататын базарлардың бірінде жұмыс істейтін сатушының айтуынша, қысқы дөңгелектердің бағасы әртүрлі. Брендке айналған жапониялық, неміс және ресейлік тауар түрлері айтарлықтай қымбат. Дегенмен алдыңғы жылдармен салыстырғанда қалта көтереді.

«Былтыр Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты шиналар қымбаттау болды. Биыл төрт дөңгелекті 100-180 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Қорғас ашылды. Фирмалар көп. Сондықтан баға тиімді болып жатыр. Қазір солай. Қар жауған кезде сәл көтеріледі, әрине. Казір енді қар жоқ елдің қалтасы көтеретіндей бағаны ұстаймыз»,- деді сатушы Жарқын Айтбаев.

Күзгі-қысқы маусымда дөңгелек ауыстыру қызметінің орташа құны – 6000-ден 10000 теңгеге дейін. Дөңгелек жөндеу шеберханаларында шиналарды ауыстыру бағасы орналасқан жеріне байланысты. Мәселен, қала сыртында төрт дөңгелекті 5000-6000 теңгеге ауыстырып береді. Егер орталықта ауыстыратын болсаңыз қалтаңызда 8000-10000 мың теңге болғаны абзал. 

Алматыда қысқы дөңгелек бағасы мен ауыстыру қызметі қанша
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Қазір баға 6000-10000 теңге аралығында. Бұл да өзгеріп кетуі мүмкін. Әсіресе, алғашқы қар түскен күні ұзын-сонар кезек пайда болады. Күніне 60-70 көліктің дөңгелегін ауыстырымыз», - дейді дөңгелек жөндеу шеберханасының жұмысшысы Алдияр Сәкен.

Кейбір көлік жүргізушілері күн райын ескеріп дайындықты бастап та кетті. Солардың бірі – алматылық Алмас Қанатбаев.

«Ауа райын бақылап отырамын. Астанада қар жауып жатыр. Ол қар көп ұзамай бізге де келеді. Сондықтан бүгін ауыстырып жатырмын. Былтыр 7 мың теңге төлегенмін, биыл 8 мың болыпты», - дейді Алматы тұрғыны Алмас Қанатбаев.

Мамандардың айтуынша, әр дөңгелекті қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Қысқы дөңгелектер орташа есеппен алғанда 3-4 маусымға төзімді. Тікенекті шиналар қар мен мұз үстінде өздерін жақсы ұстайды. Яғни жылдам тоқтауға мүмкіндігі жоғары. Ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарда тежелу қасиеті төмендеп, доңғалақтардың сіресу қаупі артады. Қысқасы, қысқы дөңгелекті таңдап алу көліктің қандай жол жағдайында жүретініне байланысты.

Айта кетейік, бірінші желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелегі салынбаған көлікпен жүруге тыйым салынады.

«Қысқы уақытта, бірінші желтоқсаннан бастап ақпанның соңына дейін, «М+S», «M&S», «M S» белгілері бар, тау және қар белгісі бейнеленген қысқы дөңгелектер салынбаған көлікпен жүруге тыйым салынады. Дөңгелегін уақытылы айырбастамаған жүргізушілерге заң жүзінде 5 АЕК айыппұл салынады. Айыппұлдан бөлек, көлік иесі мемлекеттік нөмірінен де айырылып қалуы мүмкін», – деді Алматы ПД баспасөз қызметі басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.

Соңғы жаңалықтар