Алматыда қызылша жұқтырғандардың саны 13 есе азайған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы қызылша жұқтырудың басты себептерін атады.

Оның айтуынша, Алматы қаласында 2025 жылдың 7 айында қызылшаның 263 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 3296 жағдай болған. Яғни, ауру жұқтыру көрсеткіші 12,8 есеге азайған.
— Ауру жұқтырғандар ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі — 87,5% (230 жағдай), жасөспірімдер — 1,1% (3 жағдай), ересектер — 11,4% (30 жағдай). Ауру негізінен екпеден бас тартқан, екпеден медициналық босатылған, екпе жасына жетпегеніне байланысты егілмеген балалар және вакцинация статусы белгісіз ересектер арасында тіркеледі. Қызылша жұқтырған 263 адамның 226-ы вакцина салдырмаған, — деді Қасымхан Алпысбайұлы.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, осы жылдың 7 айында қаланың медициналық ұйымдарында қызылшаға қарсы жоспарлы түрде бірінші рет 19 551 бала вакцинацияланған.
— Вакцинация жүргізу үшін ДДСҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Жоспарлы вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханалардың барлық егу кабинеттерінде, вакцинация жүргізуге рұқсаты бар оқытылған (тәжірибелі) медицина қызметкерлерімен жүргізіледі, — деді департамент басшысы.
Еске салайық, бұған дейін елде вакцинация кестесі өзгеретінін жазғанбыз.