Алматыда қоғамдық көліктің орташа «жасы» — 2,5 жыл

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XXX сессиясы өтті. Онда 2024 жылғы Алматы қаласының бюджетін атқару мәселелері талқыланды.

Алматы автобус
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков өз баяндамасында көлік саласына бөлінген қаржының 97,9%-ы немесе 257,9 млрд теңге игерілгенін айтты. Оның сөзінше, жалпы бюджеттің 15,6%-ы осы салаға тиесілі. Көлік саласына бөлінген қаражат есебінен былтыр автопарк 600 автобус және 100 электр-автобуспен толыққан. Сонымен қатар троллейбус паркі толық жаңартылып, 112 жаңа троллейбус сатып алынған.

— Қоғамдық көліктің орташа жасы 5 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 2 жылға дейін төмендету жоспарланып отыр, — деді ол.

Сонымен қатар Қаржы басқармасының басшысы өткен жылы 25 км жаңа жол салынғанын, 250 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Одан бөлек қалада 30 км тротуар, веложол, аялдама алдындағы жолдар жөнделген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қараусыз қалған ғимараттар қашан жөнделетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар