Алматыда қоқыс шығару тарифі қайта қаралды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылғы 28 маусымнан бастап Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму қызметтерінің жаңа тарифі күшіне енеді.

Алматыдағы қоқыс енді GPS-пен бақыланады
Фото: Алматы әкімдігі

Тиісті шешім бұған дейін қалалық мәслихаттың XLVI кезекті сессиясында қабылданған еді.

Тарифтің өзгеруі қосылған құн салығының мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуіне байланысты.

Енді абаттандырылған және абаттандырылмаған секторларда тұратын тұрғындар үшін бір адамға шаққандағы ай сайынғы төлем 744,1 теңгеге дейін өседі. Бұған дейін ол 718,5 теңге болған.

Сондай-ақ ҚТҚ-ның бір текше метрін шығару тарифі 3 303,9 теңгеден 3 832,5 теңгеге дейін өсті. Бұл сомаға қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму қызметтерінің толық циклі кіреді.

Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер жүйесі сақталды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері қоқыс шығару қызметі үшін төлемнен толық босатылады.

Ал ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне, сондай-ақ жетім балаларға 50% жеңілдік қарастырылған.

II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтардың өзге де өкілдеріне 25% жеңілдік беріледі.

Жеңілдіктер тұтынушы өтініш берген күннен бастап және оны растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада электр жарығының тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.