Алматыда көкпар клубында хакім Абайдың ертоқымы сақтаулы тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Дәукей көкпар клубында кезінде Абай Құнанбайұлы қолданған ертоқым бар. Көне жәдігер атадан балаға мұра болып қалған.


Республикалық шағын көкпар 3х3 ұлттық федерациясының басшысы Нұрбол Бөрібектің айтуынша, ертоқым – қазақтың ең көп пайдаланатын мүлкінің бірі, бағалы тұрмыстық заты.

Бағзы заманда бабаларымыз үйіне келген мейманның мінген аты мен әбзелдеріне қарап-ақ оның қай рудан, қай жерден келгенін жазбай танып, дәрежесінің деңгейін, қай өңірдің тумасы екенін де айырып отырған.

— Халық арасында ердің жасалу үлгісіне қарай «Арғын ері», «Найман ері»,
деген түрлерін де кездестіруге болады. Этнографтардың айтуынша, мына ертоқым орта жүзге тиесілі. Бұл ертоқымға Абай атамыздың отырғаны, жамбасы тиегені хақ. Бұл тарихи жәдігерді Данияр Дәукейге ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сыйға тартқан. Бұл кісілер аталас болып келеді,— дейді Нұрбол Бөрібек.

Бұл бұйымға шамамен 150 жыл болған.

— Ел арасында найман ер деген аты бар. Шамамен 1,5 ғасыр болған. Көлемі айтарлықтай үлкен емес. Соған қарағанда хакім Абай жастық шағында қолданған болуы керек. Ағаштан жасалып, күміспен көмкерілген, — деді ол.

Айта кетейік, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен оның айналасында ғұмыр кешкен туыстарының жақын адамдарының ертоқымдары сақталған.

Музейдің асыл қорындағы жеті ер-тоқым да бүгінгі күні алыс-жақыннан Абайын тануға асығып жететін Алаш баласы мен «Адамзаттың Абайын» білуге құштар қиырдан келетін қонақтардың назарына ұсынылған.


