Алматыда Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен Алматыда алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылады. 

Алматыда Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылды
Фото: Ұлттық ғылым академиясы

Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, Алматы қаласында М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің базасында еліміздегі алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын құру туралы меморандумға қол қойылды. 

Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік, логистика және транзит салаларын дамытуға қатысты стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында құрылған.

– Көлік ғылымдары мен технологиялары институты көлік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған ғылыми орталық ретінде жұмыс істейтін болады, - деп хабарлады академиядан. 

Алматыда Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылды
Фото: Ұлттық ғылым академиясы

Институт қызметінің негізгі бағыттарына көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу, транзит пен логистиканың тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ көлік нысандарын әртүрлі жол-климаттық жағдайларға бейімдеу кіреді. 

Сонымен қатар институттың маңызды ғылыми бағыттарының бірі – Қазақстан аумағының жол-климаттық аудандастырылуын нақтылау. Қазіргі таңда ел аумағы екі ғана жол-климаттық аймаққа бөлінген. Жоспарланған ғылыми зерттеулер нәтижесінде өңірлік ерекшеліктерді ескеретін неғұрлым нақты жүйе қалыптастырылып, аймақтар саны алтыға дейін ұлғайтылмақ.

– Мемлекет басшысы көлік пен логистиканы елдің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін саланы заманауи ғылыммен қамтамасыз ету қажет. Көлік ғылымдары мен технологиялары институты дәл осы мақсатқа қызмет етеді, - деді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

Ұлттық ғылым академиясы
Фото: Ұлттық ғылым академиясы

Оның айтуынша, Ұлттық ғылым академиясында «Көлік» бағыты бойынша арнайы ғылыми секция құрылып, бұл бағыт алғаш рет ғылымның басым бағыттарының тізбесіне енгізілген. Нәтижесінде көлік саласындағы ғылыми жобалар гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға, сондай-ақ коммерцияландыру тетіктеріне қол жеткізді. 

Институт қызметінде жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және болжамдық модельдеу технологияларын қолдану көзделіп отыр. 

Еске салайық, еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Соңғы жаңалықтар