Алматыда көлік қағып кеткен жаяу жүргіншілердің жағдайы қалай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Медеу ауданында болған жол апаты салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет таратты.
Ведомствоның хабарына қарағанда, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға алты адам жеткізілген.
Дәрігерлер жүргізген тексерулерден кейін төрт зардап шегушінің аяқ-қолдары сынғаны анықталған. Ал екі адам түрлі дене жарақатын алып, жұмсақ тіндері зақымданған.
Зардап шеккендердің біреуі ота жасау үшін ауруханаға жатқызылды. Қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тексеруден кейін тіркелген емханалары бойынша амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.
Еске салайық, 9 маусым күні таңертең Audi көлігінің жүргізушісі Зенков көшесімен келе жатып, бес жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Одан кейін көлік жол жиегінде тұрған Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Соққының әсерінен Toyota тағы бір тұрақта тұрған Subaru көлігіне соғылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.