Алматыда көлікті тоқтатпай шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда пилоттық жоба аясында көлік қозғалысы кезінде көліктерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін қашықтан өлшейтін технология сынақтан өткізіле бастады.

Алматыда көлікті тоқтатпай шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, OPUS RSE жүйесі көлікті тоқтатпай-ақ пайдаланылған газ құрамындағы ластаушы заттардың нақты деңгейін анықтайды. Сынақ жүргізу үшін компания қаланың әртүрлі аудандарындағы жолға орнатылатын RSD6000 жылжымалы жабдығын ұсынды.

Өлшеу жұмыстары екі апта ішінде 12 күн бойы жүргізіледі. Жүйенің көлік қозғалысы әртүрлі қарқынмен жүретін жағдайда қалай жұмыс істейтінін тексеру үшін жабдықтың орналасқан жері күн сайын өзгертіледі. OPUS компаниясының өкілі техникалық қолдау көрсетіп, жабдықты калибрлеуді және алынған деректердің дұрыстығын тексеруді қамтамасыз етеді.

Алматыда көлікті тоқтатпай шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

- Сынақ қорытындысы бойынша мамандар автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың деңгейін талдап, көрсеткіштерді халықаралық деректермен салыстырады. Сондай-ақ қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көлік құралдарын анықтау критерийлерін ұсынады, - деп хабарлады басқармадан.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, пилоттық жобаның нәтижесі технологияның тиімділігін бағалауға және Алматыдағы автокөліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін бақылау үшін алдағы уақытта қолдану мүмкіндігін анықтауға көмектеседі.

Еске салайық, Алматыда биыл 28 сәуірден бастап төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы іске қосылды.

Алматыда көлікті тоқтатпай шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Ал 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензин, газ және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өту міндеттелді.

Алматыда көлікті тоқтатпай шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Бұған дейін Алматыдағы қою түтінмен қалай күресуге болатынын жазғанбыз.