Алматыда көліктің үстіне ағаш құлады
Алматының орталығында алып ағаш автокөліктің үстіне құлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ағаш Желтоқсан мен Мақатаев көшелерінің қиылысында құлаған.
«Алмалы ауданында Желтоқсан мен Мақатаев көшесінің қиылысында алып ағаш «Honda CR-V» көлігінің үстіне құлаған. Бір көшенің қозғалысын тежеп қалған ағашты жолдан алып тастауға қала әкімдігінің «109» құтқару қызметкерлері жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады департаменттен.
Бұған дейін Алматы тұрғындарына қатты жаңбыр мен желге байланысты ескерту жарияланған болатын.
«22 қыркүйекте күндіз Алматыда қатты жауын-шашын күтіледі. Осыған байланысты, көлік жүргізушілері жылдамдықты төмендетіп, авариялық шамдарды қосыңыз немесе нөсердің тоқтағанын күтіңіз»,- делінген хабарламада.