Алматыда коммуналдық қарызы бар 600-ден астам кәсіпорынның есепшоты бұғатталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Алматы жылу жүйесі» ЖШС заңды тұлғалардан жылумен жабдықтау және ыстық сумен қамтамасыз ету қызметтері үшін берешекті өндіріп алу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
2026 жылдың басынан бері дебиторлық берешекті өндіріп алу бөлімі қарызы бар кәсіпорындарға қатысты 1 274 материалды қарады. Оның ішінде 602 атқарушылық іс сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындатуға жолданған. Қалған материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды күшіне ену сатысында.
— Берешегі бар тұлғаларға қатысты мәжбүрлеп орындатудың кешенді шаралары қолданылып жатыр. Атап айтқанда, олардың банк шоттарына тыйым салынады, «Е-нотариат» жүйесі арқылы нотариаттық әрекеттер жасауға шектеу қойылады, сондай-ақ мүлкіне тыйым салынады. Бұдан бөлек, қарыз сомасы 40 АЕК-тен асатын 378 атқарушылық іс бойынша Қазақстан Республикасынан уақытша шығуға шектеу енгізілген, — делінген хабарламада.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше қабылданып жатқан шаралар нәтижесін беріп жатыр. Атқарушылық іс жүргізу сатысындағы 602 кәсіпорынның 283-і берешегін толық өтеген.
Мәжбүрлеу шаралары қызмет ақысын ұзақ уақыт бойы төлеуден жалтарып жүрген тұтынушыларға ғана қолданылады. Материалдар өндіріп алуға жіберілмес бұрын кәсіпорын тұтынушыларға хабарлама беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және қарызды ерікті түрде өтеуге мүмкіндік ұсынады.
Компания берешегі бар тұтынушыларға қосымша шығындардан, шектеулерден және заңнамада көзделген өзге де шаралардан сақтану үшін қарыздарын уақытылы өтеуді ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда және облыста қарызы бар тұрғындарың жарығы өшіріле бастағанын хабарлағанбыз.