Алматыда көне мектептердің бірі сүріліп жатыр — әкімдік түсініктеме берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі № 56 мектеп ғимаратын сүру туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.

Алматыда көне мектептердің бірі сүріліп жатыр — әкімдік түсініктеме берді
Фото: Алматы әкімдігі

Әлеуметтік желілерде және БАҚ беттерінде 56 мектеп-гимназиясының ғимараты сүріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бейнежазбадан жұмысшылар білім ордасының қасбетін бұзып жатқанын көруге болады.

Алайда Алматы қаласының құрылыс басқармасы № 56 мектеп-гимназия ғимаратын сүру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

— Мектепте сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы ғимараттарды сүру қарастырылмаған. Сонымен қатар ғимараттың тарихи қасбеті сақталады, — деді басқармадан.

Ведомство мәліметінше, жоба аясында заманауи білім беру стандарттарына сай оқу кеңістіктерін құру көзделген. Негізгі және бейіндік пәндер бойынша сабақ өткізуге арналған сыныптар, зертханалар мен кабинеттер жаңартылады. Химия, физика және биология кабинеттері заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушыларға тәжірибелік дағдыларды меңгеруге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоба құрамында көпфункционалды спорт кешенін салу да бар. Мектеп аумағында ашық спорт алаңдары пайда болады.

— Сонымен қатар кең демалыс аймақтары, заманауи асхана, кітапхана, оқу залдары және мультимедиялық құралдармен жабдықталған үйірме бөлмелері қарастырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылы сәуірде аяқталады деп жоспарланған. Бас мердігер — «Астана-Стройинвест» корпорациясы ЖШС, — деп мәлімдеді ведомстводан.

Еске салайық, Алматыда Республика күніне орай төрт жаңа мектеп ашылды.

Соңғы жаңалықтар