Алматыда Конституция күні қалай аталып өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 30 тамыз күні Алматыда Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтеді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Абай алаңында сағат 18:00-де Мемлекеттік Туды шығару рәсімі болады және Әнұран орындалады. Сондай-ақ 200-ден астам өнерпаз қатысатын театрландырылған қойылым қойылады. Олардың арасында Роза Рымбаева, Тамара Асар, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова, «МузАрт Life» тобы және басқа да өнер жұлдыздары бар.
Ал сағат 19:00-де Республика сарайының алдында ашық аспан астында «Алматы – махаббатым» спектаклі өтеді. Сағат 20:00-де «Алматы әуендері» концерті басталады. Оған Саят Нұрғазин, Димаш Дәулетов, Қайрат Нұртас және өзге де эстрада жұлдыздары қатысады. Бағдарлама 22:00-де ашық аспан астындағы үлкен концертпен аяқталады.
Сонымен қатар 28–29 тамыз аралығында қаланың әр ауданында концерт пен мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Олар:
- Алмалы ауданы, Жібек жолы, 100 мекенжайында 28 тамыз күні сағат 16:00-де «30 жыл ел тірегі – Ата Заң» концерті өтеді.
- Бостандық ауданы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 28 тамыз күні сағат 15:00-де салтанатты концерті өтеді.
- Алатау ауданы, Атлетикалық ауылда 29 тамыз күні сағат 17:00-де мерекелік концерт өтеді.
- Әуезов ауданы, «Нархоз» университетінде 29 тамыз күні сағат 15:00-де «Ата заң – Тәуелсіз елдің тұғыры» концерті өтеді.
- Наурызбай ауданы, «Шұғыла» шағын ауданы, 347 мекенжайында 29 тамыз күні сағат 16:00-де концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
- Медеу ауданы, Оқушылар сарайында 29 тамыз күні сағат 11:00-де мерекелік концерт өтеді.
- Түрксіб ауданы, №6 Оқушылар үйінде 29 тамыз күні сағат 11:00-де салтанатты концерті өтеді.
Еске салайық, Конституцияның 30 жылдығына орай жаңа коллекциялық монеталар сатылымға шығады.