Алматыда көпфункциялы спорт орталығы салынып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығының құрылысы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин мәлім етті.

— Райымбек даңғылы 312 мекенжайында орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығының құрылысы ерекше маңызға ие. Көпфункциялы бұл орталық ерекше қажеттілігі бар адамдарды сауықтыру мен жаттықтыруға арналған. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. 2026 жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бюджеті — 3,9 млрд теңге, — дейді аудан әкімі.
Арман Шамшиннің сөзінше, Алмалы ауданында биыл 1500 орындық жаңа мектеп пен «Шабыт» оқушылар сарайы пайдалануға берілді.

— Ауданда жалпы саны 43 мектеп жұмыс істейді, оның 29-ы мемлекеттік те, 14-і жеке меншік мектеп. № 58 мектепке қосымша 600 орындық жапсарлас жай салынып жатыр. № 16 мектепте де тура осындай 300 орындық жапсарлас ғимаратты салуды бастадық, оның құрылысы 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталып қалады, — дейді ол.
Бұдан бөлек, 4 мектепті сейсмикалық тұрғыда берік қылу жұмысы да қолға алынды. Биыл № 10, 13, 21, 43 пен мемлекеттің меншігіне қайтарылған «Теремок» балабақшасында жөндеу мен сейсмикалық күшейту жұмыстары басталды.
– Қазір құрылыс басқармасы Тастақ шағынауданында 240 орындық жаңа балабақша салу үшін байқау өткізіп жатыр. Құрылыс осы жылдың тамыз айында басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталады. Сонымен бірге, 13 балабақшада биыл жөндеу жұмысын бастаймыз, — деп толықтырды әкім.

Спикердің сөзінше, әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір маңызды бағыты — денсаулық сақтау саласы.
— № 3 қалалық емхана күрделі жөндеудеп өтіп, жақында пайдалануға берілмек. Төрекұлов көшесі мен Жібек жолы даңғылында орналасқан адам репродукциясы қалалық орталығының екі корпусын жаңалау жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыс басқармасы № 1 перзентхана және Әйтеке би — Масаншы көшелерінің қиылысында 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы бойынша (мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2025 жылғы 14 сәуірде алынған, құрылыс сомасы — 9 301 млн тг) мердігер ұйымды анықтау мақсатында байқау өткізіп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын шілде мен қыркүйек айында бастау жоспарланып отыр, — деді аудан әкімі.
Осыған дейін Алматыда қандай әлеуметтік нысандар салынып, жөнделетіні туралы жазғанбыз.