Алматыда көрнекті жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің құрметіне мемориалды тақта ашылды
Алматыда көрнекті жазушы, ағартушы-ғалым, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің құрметіне мемориалды тақта салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Kazinform Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім институты Дидактика зертханасының бас ғылыми қызметкері, профессор Жауымбай Қараев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Кәдірбек Сегізбай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр, А.Сейдімбектің немересі Тарлан Сейдімбек және т. б. қатысты.

«Бүгін сүйікті қаламгерімізге осындай ескерткіш тақтаның қойылуы заңды әрі тарихи тұрғыдан әділ шешім деп ойлаймын. Себебі Ақселеу ағамыздың негізгі шығармашылық ғұмыры, өнегелі өмірі біздің сүйікті қаламыз Алматыда өтті. Ол кісінің шығармалары халқымызбен бірге мәңгі жасай береді. Осынау игілікті істің жүзеге асуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», - деді салтанатты жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Айта кетейік, Ақселеу Сейдімбек – отыздан астам көркем, ғылыми-көпшілік және монографиялық кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2004). Ұлттық кеңестің, ҚР Терминология және ономастика комиссиясының, Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі президиумының, Ғылыми қызметкерлерді аттестациялау департаменті зерттеу комиссиясының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болған. «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдықтың авторларының бірі.

Мемориалды тақта Алматы қаласы Алмалы ауданы Қожамқұлов көшесі 128 үйде (Әйтеке би көшесінің қиылысы) орнатылды.