Алматыда көші-қон тәртібін бұзған 21 шетел азаматы елден шығарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Полиция қызметкерлері үш күнде Алмалы ауданында көші-қон заңнамасын бұзудың 141 дерегін анықтады. 

Алматыда көші-қон тәртібін бұзған 21 шетел азаматы елден шығарылды
Фото: Алматы полициясы

Оның ішінде 21 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылып, тағы 25 адам жеке басын анықтау және әрі қарайғы қарау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

Полицияның хабарлауынша, тексеру кезінде шетел азаматтарының елде болу тәртібін бұзуы, заңсыз еңбек қызметімен айналысуы, сондай-ақ шетелдіктердің елде заңды болуын қамтамасыз етпеген қабылдаушы тараптың жауапкершілігіне қатысты деректер анықталды. Бұдан бөлек, тіркеусіз және құжатсыз тұру жағдайлары тіркелді.

— Атап айтқанда, тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған шетел азаматтарының тобы анықталды. Жеке басы анықталғаннан кейін олар жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылды, — делінген полиция таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған тұлғаларды жұмысқа тартқан жұмыс берушіні жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар іс-шара аясында алименттік міндеттемелерді орындаудан жалтарып жүрген азаматтар да анықталды.

Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзенде заңсыз көші-қон ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталған еді.

Соңғы жаңалықтар