Алматыда көші-қон заңын бұзған 35 шетелдік елден шығарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы көші-қон заңына байланысты нысаналы тексеру жүргізді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзу деректері, сондай-ақ қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер тарапынан заң талаптарын сақтамау жағдайлары анықталған.
Қалалық полиция мәліметінше, 134 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 35 шетел азаматы ел аумағынан шығарылса, тағы 15 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
— Көші-қон саласында тәртіп орнату — бұл ең алдымен қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі. Біз шетел азаматтары тарапынан да, олардың ел аумағында заңды болуын қамтамасыз етуге міндетті тұлғалар тарапынан да заң бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтаймыз. Әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, шаралар қолданыстағы заңнама аясында қабылданады, — деді Алматы қаласы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдан депортацияланатын шетелдіктер саны жыл сайын артып келе жатқанын жазғанбыз.