Алматыда көше шамдары жаңасына ауыстырылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда ескі шамдарды жаңа жарықдиодты шамдарға (LED) жаппай ауыстыру жүріп жатыр.

Көше шамдары
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, ескі сынап және натрий шамдары жаңа жарықдиодты LED- ке ауыстырылып жатыр. Осы жылдың 10 айында қалада бес мыңнан астам жарықтандыру құрылғысы жаңартылды.

«Шамдарды ауыстыру бүкіл көше мен шағын аудандарды қамтыды. Мысалы, Наурызбай ауданында Абай мен Алатау даңғылдарының қиылысында ескілерінің орнына 335 жаңа шам орнатылды.Түрксіб ауданындағы Сүйінбай даңғылында Бекмаханов көшесінен Красногорская көшесіне дейін 260 шам ауыстырылды. Жетісу ауданындағы Көкжиек шағын ауданының көшелерінде 120 шам ауыстырылды, ал Алатау ауданының Зерделі шағына ауданында сонша шам жаңарды»,- деп атап өтті әкімдіктен.

«Алматы Қала Жарық» мамандарының сөзінше, сапалы LED-шам 50 мың сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады – бұл ескі үлгідегі құрылғыларға қарағанда 30 есе ұзақ. Бұл жағдайда энергияны үнемдеу 90% дейін жетуі мүмкін.

«Сонымен қатар, жарықдиодты шамдар кәдеге жаратуда қиындықтар туғызбайды, өйткені құрамында сынап пен натрий жоқ. Ескі шамдарды жаңасына ауыстыру жұмыстары 2025 жылы да жалғасады. Олар аудандық әкімдіктермен бірлесіп өткізіледі, олардың балансында қаланың сыртқы жарықтандыру желілері бар»,- делінген хабарламада.