Алматыда қоймадан шыққан өрт сөндірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық құтқарушылар Алатау ауданында орналасқан қойма үй-жайынан шыққан өртті сөндірді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сағат 21.20-да жойылды. Өрттің аумағы – 180 шаршы метр.
Еске салсақ, алматылық өрт сөндірушілер сағат 19:43-те жоғары дәреже бойынша Алатау ауданы, Теректі шағын ауданы, Айналмалы көшесіне жіберілді.
«Оқиға орнына келген кезде 19:56-да ангар типті қойма өртеніп жатқаны анықталды. Өрт сөндіруге жеке құрамның 29 адамы, 7 техника мен қалалық әрекеттесу қызметі өртті сөндіріп жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт 20:37-де ауыздықталды. Су көздерінің алыс болғаны өрт сөндіру жұмыстарын қиындатты. Су тасу жұмыстары ұйымдастырылып, өрттің таралу қаупі жойылған еді.