Алматыда күрестен ардагерлер арасында ірі халықаралық жарыс өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 17-18 мамыр күндері Алматыдағы Sadu Arena спорт кешенінде еркін және грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы халықаралық турнир өтеді.

күрес
Фото: Kazinform

ҚР Күрес федерациясының хабарлауынша, «Ардагер алаңы» додасы осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Оған АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық аймағынан келген 500-ге жуық балуан бақ сынайды.

Жарыстың жүлде қоры — 12 млн теңге. Турнирді Алматы қалалық күрес федерациясы мен «Қазақстан грек-рим және еркін күрес шеберлерінің қоры» біррлесіп өткізуде.

Турнир идеясының авторы Ерлан Малаевтың айтуынша, бұл жарысты өткізудегі басты мақсат — салауатты өмір салтын насихаттап, ардагерлер спортының деңгейін көтеру.

«Спорт ешкімге де артық болмайды. Бұл жарысты өткізгендегі негізгі идеямыз — ардагер спортшылардың тасада қалмай, жас ұрпаққа үлгі болар іс-әрекетімен танылуы. Біз кейінгі ұрпақты адал ісімізбен, дұрыс іс-әрекетімізбен ғана қызықтыра аламыз. Марқұм әкемнің айтқан сөздері әлі есімде. «Балаңды дұрыс тәрбиелеймін десең, оған көп сөйлей бермей, ісіңмен үлгі бол», — дейтін. Сол секілді, ардагер спортшылар әлеуетін көрсетіп, жас келсе де, кілемнен кетпей, үлгі боп жүрсе, ғанибет емес пе?!», — дейді жарысты ұйымдастырушы Ерлан Малаев.

Турнирге Алматы қаласынан екі команда қатысады, яғни, бір ғана оңтүстік астанадан 150 балуан бақ сынайды. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы сапында ардагерлер арасындағы төрт дүркін әлем чемпионы Есентай Қапар да сынға түседі.

Айта кетерлігі, Бұған дейін екі рет ұйымдастырылған халықаралық турнирге жалпы есебі 400-ге жуық балуан қатысқан. Бұл турнир ардагер спортшылар арасындағы санаулы жарыстардың бірі болмақ.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда қаласында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар