Алматыда МӘМС қаражатынан 130 млрд теңге қайда жұмсалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылы Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласындағы медицина ұйымдарына тұрғындар алған медкөмек үшін 130,3 млрд теңге төледі.

МӘМС пен Шипагер
Коллаж: Kazinform/Freepik

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, МӘМС пакетінен алынған қаражаттың басым бөлігі, яғни 74,2 млрд теңгесі стационарлық көмекке бағытталған. Одан бөлек шамамен 5,8 млрд теңгесі күндізгі стационар қызметіне, 22,2 млрд теңге консультативтік-диагностикалық қызметтерге, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операцияларға 16,8 млрд теңге, медициналық реабилитацияға 5,1 млрд теңге жұмсалған.

- Құны бірнеше миллион тұратын қымбат оталарды сақтандырылған азаматтар төлеген жарнасының мөлшеріне қарамай жасата береді. МӘМС жүйесіндегі ортақ жауапкершіліктің мәні осында, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.

Биыл Алматы қаласында жалпы алғанда 19,9 млрд теңгеге 7367 кардиохирургиялық операция жасалған. Бір отаның құны орта есеппен 3 млн теңгеге шығады. Сонымен қатар 3167 нейрохирургиялық операция жасалған. Оған Қор 5,6 млрд теңге төлеген.

Тізе және жамбас буындарын алмастыру операцияларына деген сұраныс та жоғары. Алматыда 3368 буын алмастыру отасы жасалыпты. Операциялардың жалпы құны - 5,3 млрд теңге. Ал нейро-қан тамыр және қан-тамыр жүйесіне жасаған 3558 отаға 4,6 млрд теңге жұмсалған.

Сонымен қатар мегаполисте осы жылы 54 бауыр, бүйрек және жүрек алмастырылды. Мұндай бір отаның құны 10 млн теңгеге дейін жетеді.

Ең қымбат оталар тізімін имплантталатын қосалқы жүрек жүйесі (LVAD) бастап тұр. Бұл жүрекке қанды айдауға көмектесетін механикалық қондырғы. Ол транслантацияны күтіп жүрген немесе жүрегін алмастыруға болмайтын науқастарға қолданылады. Біреуінің құны – 80,2 млн теңге. 2025 жылы осындай 1 ота жасалса, 2026 жылы бұндай 14 ота жасалған.

Одан кейін бағасы бойынша аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын алмастыру отасы тұр, құны – 17,5 млн теңге.

Үштікті жүректің митралды қақпақшасын алмастыру отасы түйіндейді. Бір қызмет құны – 17 млн теңге. 2025 жылы осындай 2 ота жасалса, 2026 жылы олардың саны 19-ға жеткен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда дәрігерлер көзіне тас кірген науқастың көру қабілетін сақтап қалды.