Алматыда мас күйінде көлік жүргізген 500 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - 2024 жылы Алматыда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр жол апатынан 105 адам мерт болған және 7 мыңнан астам азамат жарақат алған. Оның ішінде мопедтер мен электросамокаттар 221 рет жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Соның салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы 583 адам дене жарақатын алды.
- Шаһар жолдарында күн сайын 1,5 миллионнан астам көлік жүреді. 2024 жылы Алматы жолдарында жол қауіпсіздік ережелерін бұзудың 4,2 миллионнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде 84 мыңнан астам мопед мен самокат пайдаланушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті рейдтер нәтижесінде 1700 мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. 508 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталып, көлік жүргізу құқығынан айырылды, - деп хабарлады Алматы полициясынан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендегенін жазғанбыз.