Алматыда мектеп бітірушілер жол ережесін жиі бұзып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлағандай, Алматы қаласы полициясы мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарын оқу жылының аяқталуына арналған шаралар кезінде қауіпсіздік ережелері мен тәртіпті сақтауға шақырды.

Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаевтың айтуынша, соңғы қоңырау – қуанышты күн, алайда оны қайғылы жағдайлармен аяқтамау керек.
— Өкінішке қарай, бітірушілер тарапынан жол жүру ережелерін өрескел бұзудың 20 жағдайы тіркелді. Жасөспірімдер көлік терезелерінен және люктерінен шығып, қауіпті маневрлер жасаған. Мұндай көліктер тоқтатылып, жүргізушілер жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар ата-аналар да өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Барша азаматтарды жол ережесін сақтауға, ал ата-аналарды балаларының қайда жүргенін, үйлеріне қалай оралатынын бақылауға шақырамыз. Қауіпсіздік – бәрінен маңызды, — деді ол.
Айта кетейік, Қызылорда полициясы соңғы қоңырау күні жұмысты күшейтті.