Алматыда мектеп құрылысында заң бұзған компания лицензиясынан айырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «СК 7 строй» ЖШС компаниясы құрылыс лицензиясынан айырылды.
 
                                              Бұл туралы Алматының қала құрылысы бақылау басқармасы хабарлады.
Мердігер қала аумағындағы бірнеше нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізіп келген. Соның ішінде №112 жалпы білім беретін мектеп ғимаратына қосалқы құрылыс салу және Әуезов ауданындағы абаттандыру жобалары бар.
Барлық нысанда жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, оның нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жобалық шешімдерден ауытқу және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормалардың талаптарын сақтамау деректері анықталды.
– Тексеру қорытындысы бойынша «СК 7 Строй» ЖШС-не әкімшілік шаралар қолданылып, оның құрылыс қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Еске салайық, бұған дейін Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Яссауи және Дастан көшелерінің қиылысында опырылған асфальттан соң Достық шағынауданында инженерлік желілердің құрылыс нысандарына жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Тексеріс қорытындысы бойынша техникалық қадағалау функцияларын жүзеге асырған «Алатау сапа құрылыс» ЖШС өзіне қатысты қызметті дұрыс атқармағаны үшін аккредиттелу туралы куәлігінен айырылды.