Алматыда мектеп жанындағы лагерлерге 300 млн теңге бөлінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастырумен қалалық мектептердің жанынан ашылған жазғы демалыс орындарына баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бастауыш сынып оқушыларына арналған лагерьлердің жай-күйі көрсетілді.

Алматы
Фото: Досбол Атажан

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтуынша, мегаполис мектептерінде 191 лагерь ұйымдастырылған және балалар бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

– Жалпы Алматы қаласында 215 мемлекеттік мектеп бар, оның 191-інде мектеп жанындағы жазғы лагерь ұйымдастырылды. Екінші жыл қатарынан балалар бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Егер бұл мақсатқа былтыр 260 млн бөлінсе, биыл жергілікті бюджеттен 300 млн қаржы бөлінді. Қаладағы жазғы демалыс орындарының екеуінде этнолагерь ұйымдастырылды. Одан бөлек, 8 ауданның 8 мектебінде спорттық лагерьлер ашылды. Сондай-ақ мегаполисте орналасқан 20 мемлекеттік колледждің 12-сінде кәсіпке бағыттайтын лагерьлер құрылды. Жалпы қаладағы 191 лагерде бастауыш сыныпта оқитын 40 мың бала қатысып жүр, - деді Ләззат Жылқыбаева.

Алматы
Фото: Досбол Атажан

Басқарма басшысы былтыр Алатау және Наурыз аудандарында ашылған Оқушылардың шығармашылық орталықтарында 3 ай бойы қосымша үйірмелер мен секциялар жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ Оқушылар сарайына қарайтын “Өрнек” лагері 3 ай бойы оқушыларды қабылдайтын болады.

жазғы лагерь
Фото: Досбол Атажан

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қосымша білім беру орындары сағат 9:00-ден 15:00-ге дейін 2 апта жұмыс істейді. Ал қала сыртындағы демалыс орындары өз жұмысын 1 шілде күні бастайды.

Алтыбақан
Фото: Досбол Атажан

– Биыл жазғы демалысқа 266 мың алматылық бала қамтылады. Оқушылар лагерьлерде шығармашылықпен, спортпен ғана айналысып қоймай, сондай-ақ кәсіби қасиеттерін дамытады, болашақ мамандықтарына бейімделе бастайды. Сонымен қатар, Оқушылар сарайындағы «Өрнек» лагері 3 айда 900 баланы қабылдайды деп жоспарлап отырмыз. Оған жетім балалар, ХӘОТ санатындағы балалар және әртүрлі жарыстардың жеңімпаздары қатысады, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Соңғы жаңалықтар