Алматыда мектептегі лаңкестік туралы жазба қалдырған 8-сынып оқушысы ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жасөспірім мектепке қатысты лаңкестік сипаттағы жазба қалдырған.
Әлеуметтік желідегі белгісіз аккаунтта қару бейнесімен қатар мектептерге қатысты зорлық-зомбылыққа шақыратын жазба жарияланған.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шаралар кезінде Наурызбай ауданындағы №207 мектептің 8-сынып оқушысы анықталып, жасөспірім полицияға жеткізілген. Онымен әрекетінің салдары мен заңдық жауапкершілігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың ата-анасы өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
- Полицияның ұстанымы айқын, кез келген қауіпті жазба дереу және қатаң түрде тоқтатылады. Бұл - жай ойын немесе ескерту емес. Мұндай ақпарат қоғамда алаңдаушылық тудырып, жедел қызметтердің ресурсын бұрып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Жауапты тұлғалар жасы мен уәжіне қарамастан анықталып, заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Біз ата-аналарды балалардың мінез-құлқын, интернеттегі әрекеттерін және әлеуметтік ортасын қадағалауға ерекше мән беруге шақырамыз, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ойын-сауық орталықтарының бірінен адамдар эвакуацияланды.