Алматыда мүгедектер арбасын тегін жөндейтін орталық жұмыс істейді
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың кресло-арбаларын тегін жөндеп беретін орталық бар. Шеберхана 470 мүгедек адамға қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, 2023 жылы кресло-арбаларды жөндеу бойынша кемінде 600 қызмет көрсету жоспарда бар.
«Мүгедек жандарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша «Инватакси» қызметтері ұсынылады. «Инватакси» қызметімен қамтамасыз ету 100 автокөлікке мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ «Яндекс такси» агрегаторы арқылы қызметті іске асыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, бұл қызметке мұқтаж адамдарды қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік берді», - деді Бауыржан Жаубасов.
Сонымен қатар мүгедек адамдарды жан-жақты қолдау және оларды қоғамға интеграциялау үшін қалада 2020 жылдан бастап «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді.
«Осы жылы әлеуметтік жобаның ауқымын кеңейту үшін Алматы қаласы бойынша 7 орталық ашу жөнінде шаралар қабылданды. Жыл басынан бері «Ten Qogam» орталықтарында 3 065 адамға қызмет көрсетілді», - деді басқарма басшысы.