Алматыда Мұқанов көшесін ұзарту үшін жер учаскелері мәжбүрлі түрде алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі Мұқанов көшесін ұзарту жұмыстарын жалғастыру үшін жер телімдерін мәжбүрлі түрде алу туралы қаулы шығарды.
Мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін алып қоюға байланысты жер телімдерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулы Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланды.
«Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзарту үшін Алматы қаласы, Алмалы ауданында орналасқан жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті осы қаулының қосымшасына сәйкес мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын», — делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес, мәжбүрлеп иеліктен шығару 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс.
Тәркілеуге жататын жылжымайтын мүліктің иелері өтемақы төлеу және одан әрі әрекет ету мәселелері бойынша Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 90, 801 кабинет мекенжайы бойынша кеңсеге хабарласа алады.
«Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне меншік иелерін хабардар етіп, заңға сәйкес өтемақы төлеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Аталған процес аяқталғаннан кейін жер телімдері Алматы қалалық мобильділік басқармасының балансына беріледі.
Осыған дейін Рысқұлов даңғылын ұзарту үшін Алатау ауданындағы Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін орналасқан 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынғаны туралы жазған едік.