Алматыда Нұр-Мұқасан тобының әншісі соққыға жығылды — полиция іс қозғады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Нұр-Мұқасан тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады.
Желіде тараған бейнежазбада Ғалымжан Сүлеймен өзін 3 адамның ұрып-соққанын, оның ішінде Нұр-Мұқасан тобының бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаев бар екенін айтқан. Оның сөзінше, кикілжің топ орындайтын әндердің авторлық құқығына байланысты туындаған.
Алматы қаласы полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— 2025 жылдың 22 қарашасында Наурызбай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын азамат М. және өзге де бірнеше тұлғалардың тарапынан оған дене жарақатын салу дерегі бойынша арызбен жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады, — деп мәлімдеді департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда блогер Mellstroy-ға іздеу жарияланды.