Алматы облысында жүк көлігі траншеяға құлап кетті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Іле ауданы Боралдай ауылында жүк көлігі қазылған шұңқырға құлап кетті.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Алматы облысының полиция департаменті жер қазу жұмыстары барысында самосвалдың траншеяға құлауы бойынша тексеру басталғанын хабарлады.
- Алдын ала деректерге сәйкес, су құбырын жүргізу кезінде топырақ опырылып, содан кейін жұмысты ашық әдіспен жүргізу туралы шешім қабылданған. Қыркүйектің 25-іне қараған түні автожолдың бір бөлігі уақытша жабылған. Алайда біраз уақыттан кейін жөндеу жұмыстарына арналған ыстық асфальтты тасып келе жатқан самосвал пайда болған орға түсіп кеткен, - деп хабарлады полициядан.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды.