Алматыда пайдалану мерзімі өтіп кеткен 45 лифт бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда былтыр 54 көпқабатты үйдің 100 лифтісі жаңартылды.

Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының дерегінше, мегаполисте 13 611 лифт тіркелген, оның 7 620-сы қаланың тұрғын үй қорына тиесілі. Пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен 45 лифт бар.
— Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 170 көппәтерлі тұрғын үйде 358 лифт жаңартылды. 2023 жылы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 177 тұрғын үйдегі 222 лифт ауыстырылды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Ал, былтыр 54 көпқабатты үйдің 100 лифтісі жаңартылды.
Еске салайық, 2025 жылдың 15 ақпанынан бастап Кеден одағының жаңартылған Техникалық регламенті күшіне енеді, оған сәйкес 25 жыл қызмет еткен лифтілерді ауыстыру қажет.
Айта кетейік, елордадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтінде жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Кейін шабуыл жасаған жасөспірім арнайы психоневрологиялық есепте тұрғаны белгілі болды.