Алматыда пентхаусқа қосымша салынған заңсыз ғимарат бұзылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әл-Фараби даңғылы, 101 мекенжайындағы пентхаусқа қосымша салынған ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім етті. 

Алматыда пентхаусқа қосымша салынған заңсыз ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Аталмыш басқарманың мәліметінше, элиталық тұрғын үй иесі пәтерінің айналасына рұқсат құжаттарынсыз қосалқы ғимарат тұрғызған. 

Осы орайда Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы нысан бойынша жоспардан тыс тексерулер болатынын бірнеше рет ескерткен. Алайда меншік иесі хабарламаға жауап бермеген. 

«Басқарма Бостандық аудандық сотына жалпы ауданы 150 шаршы метр пентхаусқа қосалқы ғимаратты бұзу туралы талап арыз берді. Бостандық сотының 2023 жылдың 13 қаңтарындағы шешімімен басқарманың бұзу туралы талабы қанағаттандырылды. Былтыр 11 сәуірде Алматы қалалық соты бірінші сатылы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды», - деп атап өтті басқармадан.

Меншік иесі заңсыз тұрғызылған құрылысты бұзуға Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларымен бірге ерікті түрде кірісті.