Алматыда пиротехниканың заңсыз сатылымы тексеріліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мереке қарсаңында пиротехниканы саудасына бақылау күшейді.

 Пиротехникалық бұйымдар
Фото: Polisia.kz

Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Руслан Қасенов жыл сайын мереке күндері қалада орта есеппен 13 өрт тіркелетінін айтты. Оның 15 пайызы пиротехникадан шығады.

— Пиротехниканы қолданғанда қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан өрт шығады не адамдар жарақат алады. Кейінгі 5 жылда Алматыда жаңа жылдық кезеңде 68 өрт тіркелсе, соның 10-ы пиротехниканы салдарынан болды, — деді ол.

Оның айтуынша, 2025 жылдың 5 желтоқсанынан бастап 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін рұқсатсыз сауда мен қауіпті өнімдерді анықтау мақсатында пиротехникалық өнімдерді сақтап, сататын орындарға рейд жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген рейд нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 10 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ заңсыз сатылған пиротехникалық өнімдер тәркіленіп, оның бір бөлігі белгіленген тәртіппен мөрленді.

Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:

— Пиротехниканы жылу мен ылғалдан аулақтау жерде сақтау қажет;
— Іске қосар кезде 16 жасқа толмаған балаларды аулақ ұстап, бұйымның үстінен төніп қарауға, қатты жел кезінде ұшырып, жанбай қалған білтені қайта жағуға қатаң тыйым салынады;
— Фейерверк ататын жер тұрғын үйден кемі 50 метр алыстау болуы тиіс, жақын маңда ағаш, электр беру желісі мен басқа да кедергі болмауы керек.

Еске салайық, былтыр Алматыда «103» пультіне жаңа жылдық мереке күндері 23 мыңнан астам шақырту келіп түскен. Оның 16 мыңына жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетті. 186 бригада тартылды, онда 500-ден астам қызметкер жұмыс істеді.

Соңғы жаңалықтар