Алматыда полиция алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топты ұстады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топты ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қалалық киберпол қызметкерлері мессенджерлерге тіркеу үшін көп мөлшерде SIM-карталар мен мобильді телефондарды сатып алып, пайдаланған адамдар тобын ұстады.
Тексеру барысында 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді. Аталған құрылғылар заңсыз әрекеттер үшін қолданылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, SIM-карталар мен телефондар telegram және whatsApp мессенджерлерінде тіркеу кезінде растау кодтарын қабылдау үшін сатып алынған. Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың интернет-ресурстар арқылы жасалған бірқатар алаяқтықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
– Интернет-алаяқтықпен күрес – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Біз SIM-карталардың заңсыз айналымына қатысты тізбектерді анықтап, полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе отырып, барлық мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді тергеу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз, - деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Қазіргі уақытта толық көлемде тергеу және жедел шаралар кешені жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен сақ болуға шақырғанын жазған едік.