Алматыда президенттік полк сарбаздары ант қабылдады

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімі «Батыр» президенттік полкі сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі өтті. 

0111 әскери бөлімінің командир орынбасары, полковник Бақыт Оспанов «Батыр» президенттік полкінің сарбаздары еліміздің барлық өңірінен іріктеліп алынғанын айтты.

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

– Бүгін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімі «Батыр» президенттік полкі 0111 әскери бөлімінің сарбаздарының ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге 100-ге жас сарбаз қатысты. Оларға қойылған талаптар: бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы азамат болуы қажет. Мерзімді әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймағы мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алынған. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жаңа шақырылым сарбаздарын дайындау курсынан өтті. Мерзімді әскери қызметті аяқтағандар қалауы бойынша қызметті келісімшарт негізінде жалғастыра алады, одан әрі олардың арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқару мүмкіндігі бар, - деді полковник Бақыт Оспанов.

сарбаздар
Фото: Александр Павский / Kazinform

Әскери ант қабылдаған мерзімді қызмет сарбаздары ҚР МКҚ Айрықша мақсаттағы күштері атқаратын: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді атқаруға кіріседі.

Сарбаздар
Фото: Александр Павский / Kazinform

Құрметті ата-аналар, сіздер бізді мақтан тұтады деген үміттеміз. Себебі біз батыр елдің ұрпақтары кезіндегі батыр аталарымыздың жолын қуып, өзіміздің Отан алдындағы борышымызды Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштер «Батыр» президенттік полкі қатарында өтеу бақыты бұйырып тұр. Ендігі міндет – халқымызға қалаулы, елімізге елеулі Отан қорғаушы болып, өз міндетімізді абыроймен атқару, - деді 0111 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мейіржан Аманхан.

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Әскери ант қабылдау салтанатына жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Мен бүгін ұлым – Елнұрдың ант қабылдау рәсімінің куәгері болдым. Әскери ант қабылдау – ол әскери дәстүр. Әскери қызметті адал атқарып, патриотизммен Отанға және ҚР Президентіне адал болу, сондай-ақ қызмет атқарғаны үшін мақтаныш сезімде болу – әр ер азаматтың алдында тұрған маңызды қадам. Құрметті сарбаздар, Отан алдындағы борышты адал атқарып, ата-аналардың үмітін ақтап, аман-есен үйге оралуларыңа тілектеспін. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды қас қақпай күзетіп тұрған Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін, - деді ата-аналар атынан Жанар Досаева.

Соңғы жаңалықтар