Алматыда психотроптық заттарды жеткізу арнасы әшкереленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері «Қазпошта» өкілдерімен бірлесіп, психотроптық заттардың ірі партиясын алуға келген адамды ұстады.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында пошта сәлемдемесінің ішінен шамамен 300 дана күшті әсер ететін таблетка тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл препарат шетелге жөнелтілмек болған. Оны алушы – 31 жастағы Алматы тұрғыны.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріліп жатыр.
– Полиция үшін есірткі айналымына қарсы күрес – негізгі басымдықтардың бірі. Біз жеткізу арналарына тосқауыл қойып, профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Барша азаматтарды қырағы болуға, күмәнді сәлемдемелер мен ұсыныстар туралы дереу ішкі істер органдарына «102» нөмірі арқылы хабарлауға шақырамын, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ұлытау облысында заңсыз айналымнан 160 келіден астам есірткі заттары тәркіленгенін хабарлаған едік.