Алматыда референдумға дайындық қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Еліміздің жаңа Конституциясы бойынша жалпыхалықтық референдум 15 наурызда өтеді. Алдағы маңызды оқиғаға мегаполисте дайындық қалай жүріп жатқаны туралы Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясы түсіндірді.
Аумақтық комиссияның мәліметінше, дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы бекіткен негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Алматыда 9 аумақтық комиссия (1 қалалық және 8 аудандық), сондай-ақ 654 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. Жұмыс кезең-кезеңімен ұйымдастырылған: комиссия мүшелерін оқыту, учаскелерді техникалық дайындау, азаматтар тізімін айқындау, сондай-ақ комиссия өкілеттігі шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дауыс беру күні қалада 654 учаске, соның ішінде уақытша тіркеуде тұрған адамдарға арналған учаскелер де жұмыс істейтін болады.
Қанша адам қатысады
Ақпан айындағы жағдай бойынша референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне 1,3 миллионға жуық адам енгізілді. Тізімдерді жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады, сондықтан оларды нақтылау жұмысы әлі де жүріп жатыр. Тізімнің соңғы нұсқасын учаскелік комиссияларға 22 ақпан күні — дауыс беруге 20 күн қалғанда беру жоспарланған.
Тізімдер берілгеннен кейін учаскелік комиссиялар дауыс беру күні, уақыты және учаске мекенжайы көрсетілген шақыру қағаздарын жібере бастайды.

Дауыс беру учаскесін қалай білуге болады?
Қала тұрғындары тізімде бар-жоғын тексеріп, учаске мекенжайын бірнеше тәсілмен біле алады. Мысалы бірыңғай Call-орталыққа хабарласып, 1308 нөмірі арқылы дауыс беру тәртібі мен учаскелер туралы ақпарат алуға болады. Одан бөлек дауыс берушілер тізімі жасақталған соң, қала әкімдігінің ресми сайты, Open Almaty платформасы және Telegram-бот арқылы тексеру мүмкіндігі ашылады.
Сондай-ақ қалада азаматтарды уақытша тіркеу сервистері ұйымдастырылады. Олар 40 референдум учаскесінде ашылмақ. Бір ескеретіні – тіркеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады, ал комиссиялар тізімді тек ұсынылған деректер негізінде жасақтайды.
Барлығына бірдей қолжетімділік
Учаскелерде қолданыстағы нұсқаулықтарға сәйкес барлық дауыс берушілерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Мұндай орындар бірінші қабаттарда орналасып, пандустармен, тұтқалармен жабдықталған болады. Ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, жасырын дауыс беру кабиналары орнатылады және тактильді көрсеткіштер қойылады. Көзі нашар көретіндер үшін лупалар мен Брайль шрифтімен жазылған трафареттер қарастырылған.

Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы орын жабдықталады. Онда арнайы компьютер, құлаққаптар, қосымша жарық және үлкейткіш құралдар болады. Ал денсаулығына байланысты немесе науқасқа күтім жасауына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар тұрғылықты жері бойынша өз үйінде дауыс бере алады. Ол үшін рефрендум күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешіктірмей учаскелік комиссияға жазбаша өтініш беру қажет.
Учаскелердің жұмыс уақыты
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бірақ аумақтық комиссиялар әкімдер мен учаскелік комиссиялардың ұсынысы бойынша дауыс берудің басталу және аяқталу уақытын өзгеше белгілеуге құқылы. Дегенмен, дауыс беру таңғы 06:00-ден ерте басталмауы және түнгі 22:00-ден кеш аяқталмауы тиіс. Өзгерістер болған жағдайда азаматтарға қосымша хабарланады.
Алматыда референдум өткізуге 4 552 учаскелік комиссия мүшесі жұмылдырылған. Дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санауды қолданыстағы заңнама аясында тек референдум комиссиялары жүзеге асырады.
Еске салайық, Көктөбеде референдумға дейінгі уақытты көрсететін жарық инсталляциясы іске қосылды.