Алматыда Роза Бағланова тұрған үйге мурал салынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда КСРО Халық артисі, аты аңызға айналған әнші Роза Бағлановаға арналған мурал салынды.
Әншінің бейнесі Медеу ауданындағы Самал-3 шағынауданы, 21-үйдің қасбетіне бейнеленді.
Мурал тұрғындардың әкімдікке жасаған өтініші негізінде жүзеге асырылды. Осыдан кейін көркем нысанды жасау жұмыстары ұйымдастырылған. Жобаның ерекше маңыздылығы – Роза Бағланованың кезінде дәл осы үйде тұрғанында.
Жобаны дайындау және жүзеге асыру жұмыстарына Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова да қатысқан.
– Осылайша, Халық артисінің жарқын бейнесі енді халық жадында әрі ұлттық өнер тарихында ғана емес, Алматы қаласының сәулеттік келбетінде де мәңгілікке сақталмақ, - делінген Алматы әкімдігі таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астананың Сарайшық ауданында Қуанышбаев көшесі, 11/4 мекенжайындағы ғимараттың қасбетіне табиғаттың жаңаруы мен қаланың көркем келбетін бейнелейтін «Қыз өссе, елдің көркі» атты жаңа мурал салынғанын хабарлаған едік.