Алматыда Саин көшесінің жаңа бөлігі неліктен қолданысқа берілмеді - әкім жауабы
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.

«Өжет» шағын ауданының тұрғыны Тілендиев көшесін ұзарту жұмыстары қашан басталатынын сұрады.
- Жол салынады, үйлер бұзылады деп жатырмыз. Қай кезде бұл жұмыстар басталады. «Қашан кетеміз» деп қашанғы отырамыз, - деді тұрғын.
Алматы әкімі мемлекет қажеттілігіне жерді сатып алу тәртібін түсіндірді.
- Жалғыз Тілендиев емес, басқа көшелерде де ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ мұнда ұзартуды бастау үшін ең бастысы жерді сатып алуымыз керек. Ең қиын мәселе осы. Тұрғындармен келісімшарт жасасып, ақша төленгеннен кейін жұмыстар басталады. Мысалы, Саин көшесінде тұрып қалғанымыз, 1 үй қалып қалды. Соның қасында жүрміз, соттастық. Заң бойынша оны бұза алмаймыз. Бірақ осы жылы бітіреміз деген сеніміміз бар, - деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2025 жылы Абай және Саин көшелерін ұзарту жұмыстары толық аяқталатынын жазғанбыз.