Алматыда самокат айдаған жасөспірімдер нәресте арбасын қағып кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының «Орбита» ықшамауданында 31 тамыз күні самокат айдаған екі жасөспірім жоғары жылдамдықпен келе жатып, нәресте отырған арбаны соққан.

Самокат Көлік
Фото: Kazinform

Абырой болғанда, сәби жарақат алмаған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Баланың әкесінің сөзінше, оқиға орнынан қашпақ болған жасөспірімдерді тұрғындар ұстап, полицияға тапсырған.

Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне бұл оқиғаға қатысты түсінік берді.

Ведомствоның мәліметінше, екі жасөспірімге жеке мобильді құрылғыларды пайдалану ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелген. Сондай-ақ, олардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін шара қолданылды.

– Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтіні түсіндірілді, - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Ведомство құқықтық тәртіпті бұзу деректерінің назардан тыс қалмайтынын және қайталанбауы үшін әкімшілік шаралар міндетті түрде қолданылатынын атап өтті.

Айта кетейік, Алматы кейінгі уақытта электр самокатты пайдалану кезінде заңбұзушылықтар жиілеген. Полиция бұған дейін бұл көлік түрін басқару ерекше жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететінін ескертіп, үндеу жасаған еді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі самокатты жалға беретін компаниялардың жауапкершілігін қатаңдататынын да жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар