Алматыда сәуір айында құрылысы басталған BRT қанша пайызға дайын
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының екі көшесінде BRT (Bus rapid transit) желісінің құрылысы жүріп жатыр. Осы орайда Kazinform агенттігі жобалардың іске асырылуы жайлы жауапты ведомствоға сауал жолдады.

Райымбек батыр даңғылында жылдам автобустарға арналған жолдың құрылысы 22 сәуір күні басталды.
Қалалық мобильділік басқармасының жауабына сәйкес, Райымбек даңғылында 17 шақырым аумақ қайта құрылады. Қазіргі уақытта суарудың автоматты жүйесін орнату, тротуарлар мен веложолдарды орнату, іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Жұмыстар 25 пайызға орындалған, - делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар ведомство құрылыс-монтаждау жұмыстары үш учаскеге бөлінгенін атап өтті:
– Пушкин көшесі – Сейфуллин даңғылы;
– Сейфуллин даңғылы – Ахрименко көшесі;
– Ахрименко көшесі – Алтын Орда көшесі.
– Жол құрылыс жұмыстары жер учаскелерін сатып алуына байланысты жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді басқармадан.
Желтоқсан көшесі
Аталған көшеде BRT желісінің құрылысы 26 сәуір күні басталды. Көшенің жалпы ұзындығы – 4,6 шақырым.
– Желтоқсан көшесіндегі істелген жұмыстардың көлемі – 75%. Қазіргі таңда жол белгілерін сызу, автобустарға арналған арнайы жолақтарды бөлу және бағдаршамдарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады басқармадан.
Құрылыс жұмыстарын биыл қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда BRT желісінің жалпы ұзындығы қанша болатынын жазғанбыз.