Алматыда Сайран маңындағы «қаңырап тұрған» ғимарат бұзылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Абай даңғылы бойында, Сайран көліне жақын орналасқан құрылысы аяқталмаған биік ғимаратты бұзу жұмыстары басталды. 

Алматыда Сайран маңындағы «қаңырап тұрған» ғимарат бұзыла басталды
Фото: Әлеуметтік желіден алынған скрин

Әлеуметтік желіде ғимараттың жоғарғы қабаттарын бөлшектеп жатқан арнайы техниканың суреті тарады.

Қала тұрғындарына таныс бұл аяқталмаған ғимарат уақыт өте келе қасбетіндегі граффитилері арқылы өзіндік арт-объектіге айналған. Жер телімінің аумағы — 0,6747 гектар.

Ғимараттың құрылысын 2006 жылы «Қуат корпорациясы» АҚ бастаған. Алайда екі жылдан кейін қаржының болмауына байланысты жұмыстар 10-қабатқа жеткенде тоқтап қалған. Ғимараттың жалпы ауданы — 14 583 шаршы метр.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұған дейін хабарлауынша, 2022 жылғы 17 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес, жер телімінің қазіргі иесі — жеке тұлға. 2024 жылғы сәуір айында меншік иесіне қолданыстағы аяқталмаған құрылысты міндетті түрде бұза отырып, қызмет көрсету нысандары бар әкімшілік ғимаратты салу және пайдалану үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілген.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Сайран көліндегі жаңадан орнатылған көпірлер бөлшектеліп, уақытша алынып тасталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум