21:20, 19 Қыркүйек 2025 | GMT +5
Демеу Жадраев грек-рим күресінен әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраев грек-рим күресінен Загребте (Хорватия) өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізе алмады.
ҚР ҰОК мәліметінше, қазақстандық балуан 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалдық кезеңге дейін жетті.
Жадраев бұл кезеңде Венгрия спортшысы Роберт Фричпен қола жүлдені сарапқа салды. Тартысты өткен айқас 6:5 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталды.
Осылайша, отандасымыз әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.
Айта кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Айдос Сұлтанғали Загребте (Хорватия) өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль үшін күреседі.