Алматыда шетелдік алаяқтардың call-орталығы анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Құқық қорғау органдары, «Қазақтелеком» АҚ және «Кселл» АҚ арасында жасалған өзара іс-қимыл туралы меморандум шеңберінде қала прокуратурасының үйлестіруімен Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері шетелдік алаяқтық call-орталықтың заңсыз қызметінің жолын кесті.
Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасының азаматтарын тарта отырып, телефон арқылы алаяқтықтың құқыққа қарсы схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Қаскүнемдер SIP-нөмірлерді сатып алып, пайдаланған, олар арқылы ақша ұрлау мақсатында азаматтарға мыңдаған алаяқтық қоңыраулар жасаған.
- Жүргізілген жедел-тергеу әрекеттерінің нәтижесінде call-орталықтың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін серверлер анықталып, токтан/желіден ажыратылды. Заңсыз әрекеттер толығымен тоқтатылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, - делінген Алматы қалалық прокуратурасының хабарламада.
Осыған дейін алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық әйелдің Түркияда ұсталғаны туралы жаздық.