Алматыда ширек ғасыр өмір сүрген Хан есімді керік көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM - Бойы бес метрге жуық қарт жануар қаладағы зообақта 25 жыл өмір сүрді (адам өмірімен есептегенде, бұл 95 жасқа тең). Жалпы жабайы табиғатта керіктер шамамен 20 жыл өмір сүреді және бұл жастан асатындары сирек кездеседі.

в Алматы умер жираф Хан
Фото: Алматы хайуанаттар бағы

Хан Алматы хайуанаттар бағына Оңтүстік Африка Республикасынан әкелінген. Ол жергілікті ауа-райына, осындағы ортаға тез бейімделіп, келушілердің сүйікті жануарына айналды. Ширек ғасыр ішінде Алматы зообағында Ханның 12 ұрпағы дүниеге келді. Қазір Ханнан туған Батыр, Ханзада және Сұлтан атты кішкентай керіктер зообақ қызметкерлерінің қамқорлығында және келушілерді қуантып жүр. Ал Ханның басқа құлындары Мәскеу, Краснодар өлкесі, Шымкент, Ташкент, Ақтөбе, Ферғана хайуанаттар бағына берілген.

Хан – жағымды әрі жұмсақ мінезімен, ерекше көркімен ең танымал және сүйкімді жануарларымыздың бірі болды, сондай-ақ зообақ қызметкерлерінің және барша келушілердің есінде қалады.

Хан соңғы кездері өзін сергек сезініп жүрді, тәбеті де жақсы болды. Жем-шөбін де толық жеп тауысатын.

Бірақ, қарттығына байланысты аздап буындары ауыратын.

«Хан кешкісін өте белсенді болды. Өзіне берілген жем-шөбін тауысып жеді. Аздап ақсап жүретін. Таңға жуық ол жерге жатып қалды. Әдетте, керіктер толық денесімен жерге жатпайды. Керік үшін 25 жас – адамның 95 жасындай болады. Біз оны бәріміз жақсы көрдік, келушілер де оны жақсы көретін. Ұзақ жылдар бойы Ханға қамқорлық көрсетіп, күтім жасаған барлық қызметкерлерге алғыс айтамыз» – деді, «Тұяқты жануарлар» секциясының меңгерушісі Балабек Махатов.

Тәуелсіз патологоанатом маман, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Амангелді Мәуланов Ханның жалпы жағдайы жақсы болғанын, оның бойында инфекциялық және бақса да қатерлі дерт болмағанын айтты.

«Керіктің өлімінің себебі – қартайған жасқа байланысты қайтымсыз өзгерістер яғни биологиялық қартаю» деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін осы бақта Том есімді ақ аю қатерлі ісіктен көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар