Алматыда ішкі аурулар дәрігерлерінің бірінші ұлттық конгресі басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Алматыда ішкі аурулар дәрігерлерінің бірінші ұлттық конгресі өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Германия, Түркия, Швеция, Украина және басқа да елдерінің танымал дәрігерлері қатысып жатыр.

Конгресс оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған 3350 дәрігер қатысып жатыр. Атап айтар болсақ, терапевттер, жалпы практика дәрігерлері, эндокринологтар, кардиологтар, кардиохирургтар, реаниматологтар, интервенционистер, нефрологтар, аллергологтар, ревматологтар, пульмонологтар, гематологтар, гастроэнтерологтар, эндоскопистер, орфандық ауруларды бақылауға тартылған мамандар.

«Конгресс еліміздегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін білім мен үздік клиникалық тәжірибелерді шоғырландыру алаңына айналдыруға бағытталған. Оған еліміздің барлық өңірі мен Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Германия, Түркия, Швеция, Украина мемлекеттерінің жетекші мамандары қатысып жатыр. Дәрігерлер мен ғалымдар заманауи клиникалық практиканың өзекті мәселелерін, ауруларды диагностикалау мен емдеудегі жаңа ғылыми тәсілдерді талқылауда», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басшысы Марат Пашимов.

Дәрігерлердің айтуынша, ішкі медицина мамандарының бірінші ұлттық конгресі Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, терапевт дәрігерлер мен аралас мамандық дәрігерлері жұмыс барысыныда кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Тоқтала кететін жайт, ұлттық конгресс жұмысы екі күнге созылады. Шара аясында, панельдік пікірталастар, клиникалық жағдайларды талдаумен практикалық сессиялар, сондай-ақ жеңімпаздар марапатталатын Жас ғалымдар байқауы өтетін болады.